Ең өкініштісі, мұндай баға жетпес қазынамыздың "өлімін" өз қолымызбен жасап жатқанымыз, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
Қазақстан аумағынан шипалы шөптер қандай жағдаймен болсын, шетел асатынға ұқсайды. Мұны көпшілік жиі-жиі айтып жүр. Ерте көктемде әлгі өсімдіктердің тамырын келілеп қабылдайтындар табылып жатады.
Тіпті, еліміздің табиғатына тамсанып келген туристердің өзі "сан мың пайдасы бар өсімдіктердің тамырын және өзін шекарадан кептіріп не ұнтақтап алып өтеді" деген гу-гу әңгіме бар. Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды десек, біздегі дәрілік өсімдіктердің басын тек өзгелер ғана қимылдатып жүрген сыңайлы.
Соңғы он жылдықта Сыр бойында көп өсетін сұңғыла деген шөптің рақатын тұрғындар көреді. Ел-жұрт оның тамырын жапатармағай қазып, сатып қалтасын қампайтады.
Ол – көктемнің орта шенінде белгілі бір уақытта ғана төбе көрсетіп, он шақты күнде тамырына дейін еріп түсетін өсімдік. Сұңғыланы қасқыр жейтін болған соң, қазақ халқы "қасқыршөп" деп те атаған деген мәлімет бар.
– Біз азын-аулық тиын-тебенге бола емдік, дәрілік қасиеті бар өсімдіктерімізді жыл сайын, әсіресе көктемде жұмыла жүріп шетелдерге "экспорттауды" бастап кеттік. Иә, ешкімді кінәлай алмаймыз. Біріншіден, мемлекет өсімдіктердің емдік пайдасы шашетектен екенін біле тұра қорғауға қауқарсыз. Бір қарағанда "жыл сайын өсетін, маусымдық шөп емес пе? Сатса, сатсын. Байыса, қазақ байысын" дегің келеді. Бірақ, тамыр сатуды ғана емес, мәселенін түп-тамырына да бойлап көру керек шығар. Айтқандай, мұның өзімізге сан мың есеге еселеніп дәрі есебінде қайта сатылатынын да білеміз. Мысалға алсақ, сұңғыла (шөп атауы) ертеректе Моңғолия елінде өскен екен. Қазір ол жақтан қанша іздесеңіз де таппайсыз. Біз секілді жыл сайын қазып, алыс-жақын жерлерге жөнелту арқылы көзін құртқан. Елестете беріңіз, бір уақыттарда бұл біздің көз алдымыздан да бұлбұл ұшады, – дейді журналист Айдос Мырзалы.
Мұнан бірнеше жыл бұрын қорадағы төрт түлігіне жем-шөп етіп отырған мия алқабын өзгеге сатып, түп-тамырымен қопартып, содан тиын тапқысы келгендерді көзімізбен көрдік.
Сол уақытта елдегі аузы дуалы, сөзі уәлі ақсақалдар "шабындықтан айырылып қаласыңдар, мия орнына басқа өсімдіктер қаптап кетеді. Бір реттік қомақты ақшаға бола бірнеше жылдық шөптеп құр қаласыңдар. Сатпаңдар, керек емес" деп еді. Сонда көбі сыртынан "сізден ақыл сұраған ешкім жоқ" десті. Шөбі шүйгін, шұрайлы болып жатқан сол жердің кейін шаңы көкке көтерілді. Сол секілді, асқан жыртқыштықпен жер-көкті қазу, табиғаттың тепе-теңдігін бұзу болып саналмай ма?
– Уақытында сұңғыланың тамырын сатып біраз пайда көрдік. 3-4 жерде қабылдады. Миллион теңгені онға жетер-жетпес адамға бөліп бере салатын. Адамдар ұзынсонар кезекке тұрады. Санында есеп жоқ. Біз бастапқыда бір келісін 150-300 теңгеден сатып жүрдік, уақыт өте келе бағасы 1500-2000-ға дейін барды. Соңында 100-200 теңге болып қалды. Қаншама қазып қойған тамырды амалсыздан сол бағаға өткізуге мәжбүр болдық, – дейді аты-жөнін айтудан бас тартқан жігіт бізбен әңгімесінде.
Бір уақыттары ел арасында "ақжүрек" деп аталып кеткен дәрілік шөптің дәурені жүрді. Сұңғыладан жоғары бағаланған бұл өсімдікті жұртшылық дүрбімен іздеп, асқан жыртқыштықпен жоюға кірісіп кеткені бар.
Осы орайда, сенатор Нұртөре Жүсіптің осыдан 10 жылдай уақыт бұрын БАҚ бетіне берген кезіктіріп қалдық. "Өз өсімдіктерімізді өгейсітпейік!" деген тақырыптағы жазбасы осынша жыл өтсе де, өз мән-мағынасын мүлде жоғалтпаған.
– Ерекше маңыз бере қарайтын бір нәрсе ескерусіз қалып жүр. Бұл – Қазақстандағы дәрілік, емдік өсімдіктерге қатысты. Қазіргі уақытта қазақ жерін – "бос жатқан жер" деп біржақты қарау үстем болып тұр. Сол "бос жатқан" жерде неше түрлі емдік және дәрілік өсімдіктер бар.
Қазақстанның дәрілік өсімдіктерінің есебін алып, оны көздің қарашығындай қорғап, сақтап, отандық фармацевтикаға орайлы пайдаланып, табиғи байлығымызды дұрыстап игерудің кешенді бағдарламасы бар ма?! Егер осы сала дұрыс жолға қойылса – миллион гектарлап егін екпей-ақ Қазақстан экономикасына миллиардтаған табыс әкелуге болар еді ғой! Менің қаупім – "бос жатқан" жерлердегі дәрілік және емдік шөптердің, өсімдіктердің бірінші кезекте "шетелдік инвесторлардың" оңай олжа табатын саласына айналып кете ме?" деген мәселе! Бір күнгі арзан табыс үшін біздің кейбір азаматтарымыз сол байлықты асқан жыртқыштықпен түп-тамырымен жойып, сатып жатыр. Осыған мемлекеттік тосқауыл қойылуы қажет! – деп жанашырлық танытады ол.
2 жыл бұрын ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті ресми парақшасында "Өсімдіктер дүниесі туралы" заң жобасы мәжілістің бірінші оқылымында бекітілгенін жазған.
Онда еліміздің өсімдіктер дүниесі ағаш-бұта және шөп өсімдіктерінің 6 мыңнан астам түрін құрайтынын, оның 1,5 мыңға жуық түрі дәрілік өсімдік екенін нақтылайды. Сондай-ақ, 400-ге жуық түрі ҚР "Қызыл кітабына" енгізілгенін басшылыққа алған.
Қалай десек те, Қазақстанның теңдессіз байлығы шетелге тиын-тебенге сатылып жатқан болуы ықтимал. Мұны ешкім жоққа шығара алмайтындай. Сондықтан, ел аумағындағы өсімдіктерді зерттеу жұмыстарын қолға алып, дәрілік, емдік шөптердің шетел аспауын қадағалай түсу қажет сынды.