Парламенттің төменгі палатасы талқылауға кіріскен "Құқық бұзушылықтардың профилактикасы туралы" заңының жобасы қазақстандықтарға хоббиін табысқа айналдыруына мүмкіндік береді.
Атап айтқанда, көшедегі заң бұзушылықтарды видеоға түсіріп, құзырлы органдарға жіберетін азаматтарға сыйақы төлеп, ынталандыру қарастырылуда. Ақша заң мен тәртіпті бұзған адамнан өндірілетін айыппұл сомасынан төленеді.
Ішкі істер министрлігі әзірлеген заң жобасы қазақстандықтарды қоғамдық тәртіпті қорғауға кеңінен тартуды көздейді. Өйткені мемлекет ауыл мен қаладағы әрбір бұрышқа бір-бір полицейден қойып қоя алмайды.
Есесіне, қазіргі кезде мектептегі баладан еңкейген кәріге дейін смартфонға ие, ол ұялы телефонда видеокамера бар. Видео мен фото құқық қорғау органдарының ресми тіркелген, яғни, тиісті құжатқа ие, сондай-ақ тіркелмеген қоғамдық көмекшілерінен де қабылдана береді.
Жаңа заң қабылданса, тек құзырлы орган өкілдері ғана емес, кез келген азамат өзгелерден қоғамдық тәртіпті сақтауды талап ету өкілеттігіне ие болады. Егер заң мен тәртіпті бұзушылар "аталы сөзге" тоқтамай, мазақ етсе, тентектігін жалғастырса, әлгі азаматқа ерікті түрде "бұзушылықтың жолын кесуге" құқық беріледі.
Дамыған елдерде, мысалы, Америкада "азаматтық тұтқындау" (гражданский арест) институты бар: оған сәйкес, қарапайым адамдар жабылып, немесе ішіндегі батылы әрі қуаттысы күш қолданып, бұзақының қолын қайырып, байлап тастауға, полиция келгенше қамап ұстауға құзырлы болады.
Бұл өзге адамды бостандығынан айыру, негізсіз күш көрсету болып есептелмейді. Қазақстандық заң жобасында азаматтық тұтқындау әзірге жоқ, бірақ талқылау барысында депутаттардың қосуы да ғажап емес.
Бірақ куәгерлер содыр-сойқандарға соқтықпай, алыстан бақылап, теріс қылықтарын видеоға түсіріп, оны полицияға жолдай алады. "Құқық бұзушылықты техникалық құралға фиксациялап", құқық бұзушылықтың жасалғаны туралы фактіні және күдікті туралы мәліметті құқық қорғау органдарына хабарлағандар келесі ынталандыру түрінен үміттене алады:
- Ішкі істер министрлігінің Алғыс хаты, алғыс жариялауы,
- төсбелгімен, грамотамен марапаттауы,
- ақшалай сыйақы төленуі,
- құқық қорғау қызметкерлерін дайындайтын оқу орнында тегін оқуға білім грантын беру,
- біліктілігін арттыру бағдарламасына, курсына жолдама,
- азаматтың өзінің жұмыс орнына оны сыйлықақымен көтермелеу туралы сұрау жолдау,
- құқық бұзушылықтардың алдын алуға біраз уақыт және елеулі үлес қосқандарды мемлекеттік медальмен, орденмен, құрметті атақпен немесе басқа да наградамен марапаттауға ұсыну.
Жергілікті атқарушы органдар құқық бұзушылықты алдын алуға қатысатын азаматтарды ынталандырудың өзге де шараларын ұсынуға құқылы. Мысалы, ондай адамдарға коммуналдық қызметтерді төлеуде, қоғамдық көлікте жүруде, музей-мұражайларға кіруде және басқасына жеңілдіктер берілуі, көлігін орынтұраққа тегін қоя алуы мүмкін.
"Бұл ретте әкімшілік құқық бұзушылық фактісін дәлелдейтін фотосуреттерді немесе видеожазбаны тіркеп, полицияға хабарлама бағыттаған азаматтар жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша құқық бұзушыдан өндірілген айыппұл сомасынан ақшалай сыйақымен ынталандырылуы мүмкін. Сондай-ақ егер көмекшілердің өзі қаржылай сыйақыны алғысы келмесе, онда ақшаны алушы ретінде қайырымдылық ұйымын көрсете алады", – деп түсіндірді Ішкі істер министрлігі.
Сыйақыны төлеу құпия ақпарат болып табылады және мемлекеттік бюджет есебінен жүзеге асырылады. Олай болса, "арызқойларға" анонимді түрде қомақты табыс табуға мүмкіндік беріледі.
Құқық бұзушыларды әшкерелеушілерге нақты қанша ақша төленетіні заң түпкілікті қабылданған соң белгілі болады. Заң жобасын әзірлеушілер тәртіп бұзушыдан қанша ақша өндірілсе, соның 20%-ы көлемінде беруді жөн санайды. Айталық, заң бұзушы коммуналдық мүлікті қиратып, одан 1 миллион теңге өндірілсе, 200 мыңын соның үстінен шағым жолдаған адам ала алар еді.
Егер Мәжіліс аталған заң жобасын алдағы маусым айында, ағымдағы сессиясы аяқталғанша, екі оқылымда қабылдап үлгерсе, онда қыркүйекте басталатын жаңа сессияда оны Сенат қарауға кіріседі.
Ары қарай Парламент қабылдаған жаңа заң Президенттің қол қоюына жіберіледі. Мемлекет басшысы депутаттық корпустың қабылдаған заңдарына бас-көз жоқ қол қоя салмайтыны, алдымен оны қолданудан туындауы мүмкін оң және теріс салдарларды талдап, сараптауға жіберетіні белгілі.
Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойғаннан кейін әрбір өңірдің әкімдіктері өз өңіріндегі қырағы тұрғындарға қанша көлемде сыйақы төлейтінін анықтап, тиісті қағидасын әзірлеп, қабылдауға тиіс. "Kolesa.kz" және басқа да ақпарат құралдары "жол қозғалысы ережелерін бұзғандарды видеоға түсіргендерге сыйақы төленетіні жөнінде" жазуда.
Шынында, Ішкі істер министрлігі таңдауды, яғни, нақты қандай құқық бұзушылықты фото-видеоға тіркегені үшін сыйақы төлеуді әкімдердің құзырына беруді ұсынып отыр. Әкімдер жергілікті ерекшеліктерге, қалыптасқан криминогенді ахуалға қарап, фото, видеосы үшін сыйақы берілетін құқық бұзушылықтардың тізіміне өңір үшін өзекті бұзушылықтардың түрін енгізе алады.
Негізінен, оған вандализм, абаттандыру ережелерін бұзу, бұқаралық ортақ пайдалану орындарын бүлдіру, ластау, қалалық инфрақұрылымды, мысалы, автобус аялдамаларын, көше орындықтарын, жарық бағаналарын, көше композициялары мен сәулет туындыларын, басқасын жою, қирату, ағаш-көшет отау, басқасы жатады.
Жалпы алғанда, "Құқық бұзушылықтардың профилактикасы туралы" заң жобасын қабылдап, жүзеге асыру нәтижесінде, ІІМ-нің хабарлауынша, 2028 жылға дейін келесі негізгі басымдықты индикатор-көрсеткіштерге қол жеткізілуге тиіс: біріншіден, азаматтардың жеке басының, мүлкінің қауіпсіздігін сезіну деңгейі кем дегенде 80,5%-ға дейін жетуі шарт.
Екіншіден, халықтың полиция органдарына деген сенім деңгейі 83%-дан жоғарылауға тиіс. Ұлттық статбюро тұрақты түрде қазақстандықтар арасында сауалнама жүргізу арқылы осы деңгейлерді анықтайды.
Үшіншіден, "Жаһандық бейбітшілік индексі" рейтингінде Қазақстанның ең қауіпсіз елдер қатарындағы позициясы қазіргі 97-ші орыннан 65-орынға дейін жақсарады. Төртіншіден, "Тәртіп және қауіпсіздік" факторы бойынша рейтингін 35 орынға дейін жақсарта отырып, "WJP Rule of Law Index" Заң үстемдігі рейтингінде Қазақстан 2028 жылы әлемнің 40 елінің қатарына кіруі керек.
Бұл заң жобасы әлеужеліде қызу пікірге тамыздық болды.
"Шағымданушыларды қаржылай-материалдық ынталандыруға қарсымын. Бұл пайда тауып қалғысы келгендер тарапынан жалған немесе даулы "домалақ арыздардың" қаптауына түрткі болуы мүмкін. Сонымен қатар полиция да өз жұмысын жандандыруы қажет. Соңғы кезде ден қоюы нашарлады. Мен де бұрын заң мен тәртіпті дөрекі бұзу фактілерін байқасам, видеоға түсіріп, жиі жолдайтынмын. Бірақ уақыт өте келе, тәртіп сақшылары мұндай видеоларға үн қатуды қойып кетті. Құқық бұзушылық болып жатқанда, оның жанынан полиция көлігінің өтіп кеткенін көрдім", – дейді Ақмарал есімді пікір білдіруші.
Тағы бірі мұндай тетік АҚШ-та, Еуропада барын, егер тұрғындардың бірі ауданның әсем көркін бүлдірсе, үй иесі ауласын қоқысқа толтырса, тіпті үйінің жанында көлігін жуса, дереу шағым жазатынын еске салды. Ондай "қоғамдық тәртіптің бейресми сақшысы" бар аудандарда жұрт ақырын жүріп анық басады, бұзақылыққа бармайды. Мұндай адамдар туралы Швецияда "Увенің екінші өмірі", АҚШ-та "Отто есімді азамат" (Ресейде "Мой ужасный сосед" деген атпен прокатталды, түпнұсқасы A Man Called Otto) және басқа көркемфильмдер түсірілген.
Кейбір комментаторлар видеошағымдардан боран туғызатындарға арнап, "Қазақстан Республикасының Халық хабаршысы" мемлекеттік наградасын тағайындауды ұсынды. Сонда халық өз қаһармандарын білетін болады.
Жаңа заңдағы тетік "қарапайым бұқараны жаппай айыппұлмен жазалау құралына айналып кете ме?" деп уайымдағандар да жетерлік.
"Бір жағынан, елде "кәсіби тоқылдақтардың" тұтас кастасы пайда болып, олар қарапайым азаматтарды құқық бұзуға арандатуы, артынан оны видеоға түсіріп, табыс табуы ықтимал. Екінші жағынан, бұл заң көршілер арасында қақтығысты өршітіп, әлеуметтік кернеуді күшейтпей ме?", – деп мазасызданады олар.
Құжатты түпкілікті қабылдамас бұрын Мәжіліс тараптардың, қоғамның сын-ескертпелерін, дәлел-дәйектемелерін ескерсе, құба-құп.